II ТАРАУ. АВТОРЛЫҚ ҚҰҚЫҚ
5-бап. Авторлық құқықтың қолданылу аясы
- Осы Заңға сәйкес авторлық құқық:
1) Қазақстан Республикасының аумағында жарияланған не жарияланбаған, бiрақ авторлардың немесе олардың құқықтық мұрагерлерiнiң азаматтығына қарамастан Қазақстан Республикасының аумағында қандай да болсын объективтi нысанда болатын туындыларға қолданылады;
2) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жарияланған не жарияланбаған, бiрақ Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегi қандай да болсын объективтi нысандағы туындыларға қолданылады және Қазақстан Республикасының азаматтары – авторлары және олардың құқықтық мұрагерлерi деп танылады
3) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жарияланған не жарияланбаған, бiрақ Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегi қандай да болсын объективтi нысандағы туындыларға қолданылады және авторлардың (олардың құқықтық мұрагерлерiнiң) – шетелдiктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес авторлық құқығы бар деп танылады.
- Егер туынды Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде алғаш жарияланған күннен кейiнгi отыз күн iшiнде Қазақстан Республикасының аумағында жарияланса, ол Қазақстан Республикасында жарияланды деп саналады.
- Қазақстан Республикасы аумағында туынды халықаралық шарттарға сәйкес қорғалатын болған жағдайда туындының авторы авторлық құқықты алуға негiз болған iс-әрекет немесе мән-жай орын алған мемлекеттiң заңы бойынша анықталады.
- Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес, егер ол Қазақстан Республикасы бекiткен тиiстi халықаралық шарттың ережелерi бойынша айқындалатын туындының шыққан елiнде авторлық құқықтың осы елде белгiленген қолданылу мерзiмiнiң бiтуiнiң салдарынан қоғам игiлiгiне айналмаса және авторлық құқықтың қолданылу мерзiмiнiң бiтуiнiң салдарынан Қазақстан Республикасында қоғамның игiлiгiне айналмаса, туындыға қорғау берiледi.
6-бап. Авторлық құқық объектiсi. Жалпы ережелер
- Авторлық құқық мақсатына, мазмұны мен маңызына, сондай-ақ берiлу әдiсi мен нысанына қарамастан, шығармашылық еңбектiң нәтижесi болып табылатын ғылым, әдебиет және өнер туындыларына қолданылады.
- Авторлық құқық белгiлi бiр объективтi түрге ие болған:
1) жазбаша (қолжазба, машинкаға басылған, нотаға жазылған және сол сияқты);
2) ауызша (көпшiлiк алдында айтушылық, көпшiлiк алдында орындаушылық және сол сияқты);
3) үнжазба немесе бейнежазба (механикалық, сандық, магниттiк, оптикалық және сол сияқты);
4) бейнелеу (сурет, нобай, көркемсурет, жоспар, сызба, кино, телебейне – немесе фотокадрлар және сол сияқты);
5) көлемдi – кеңiстiктi (мүсiн, үлгi, макет, ғимарат, және сол сияқты);
6) өзге де нысанда жария болған да (жарияланған, жарыққа шыққан, баспадан шыққан, көпшiлiк алдында орындалған, көпшiлiк алдында көрсетiлген), жарияланбаған да туындыларға қолданылады.
- Заңның осы бабының 1-тармағында аталған белгiлерi бар және дербес қолдануға болатын туынды бөлiгi (оның атауымен, кейiпкерлердiң атауларымен қоса) авторлық құқық объектiсi болып табылады.
- Авторлық құқық идеялардың, тұжырымдамалардың, принциптердiң, әдiстердiң, жүйелердiң, процестердiң, жаңалықтардың, фактiлердiң өздерiне қолданылмайды.
- Туындыға деген авторлық құқық туынды жасалған материалдық объектiнi меншiктену құқығымен байланысты емес.
Қандай да болсын материалдық объектiге меншiк құқығын немесе иелену құқығын беру, осы Заңда көрсетiлген жағдайларды қоспағанда, осы объектiде көрсетiлген туындыға авторлық құқықтың берiлуiне әкеп соқпайды.
7-бап. Авторлық құқық объектiлерi болып табылатын туындылар
- Мыналар авторлық құқық объектiлерi болып табылады:
1) әдеби туындылар; 2) драмалық және музыкалық-драмалық туындылар; 3) сценарий туындылары; 4) хореография және пантомима туындылары; 5) мәтiнi бар немесе мәтiнi жоқ музыкалық туындылар;6) дыбыс-бейнежазу туындылары; 7) кескiндеме, мүсiндеме, графика және бейнелеу өнерiнiң басқа да туындылары; 8) қолданбалы өнер туындылары; 9) сәулет, қала құрылысы, дизайн және бау-саябақ өнерi туындылары; 10) суретке түсiру туындылары және суретке түсiруге орайлас әдiстермен жасалған туындылар; 11) карталар, жоспарлар, нобайлар, безендiрулер және географияға, топография мен басқа ғылымдарға қатысты үш өлшемдi туындылар;12) ЭЕМ-ге арналған бағдарламалар;13) өзге де туындылар.
- ЭЕМ-ге арналған бағдарламаларды қорғау ЭЕМ-ге арналған бағдарламалардың (соның iшiнде операциялық жүйелердiң) бастапқы мәтiн мен объектiлiк кодты қоса алғанда, кез-келген тiлде және кез-келген нысанда жасалуы мүмкін барлық түрiне қолданылады.
- Авторлық құқық объектiлерiне мыналар да жатады:
1) туынды шығармалар (аудармалар, өңделген дүниелер, аннотациялар, рефераттар, түйiндер, шолулар, инсценировкалар, музыкалық өңдеулер және басқа да ғылым, әдебиет пен өнер шығармаларын өңдеулер);
2) жинақтар (энциклопедиялар, антологиялар, деректер базалары) және материалдарының iрiктелуi және (немесе) орналасуы жағынан шығармашылық еңбектiң нәтижесi болып табылатын басқа да құрама туындылар.
Туынды және құрама шығармалар, өздерiнiң негiзге алынған немесе өздерiне енген туындылардың авторлық құқық объектiлерi болу болмауына қарамастан, авторлық құқықпен қорғалады.
8-бап. Авторлық құқық объектiлерi болмайтын туындылар
Мыналар авторлық құқық объектiлерi болмайды:
1) ресми құжаттар (заңдар, сот шешiмдерi, заң әкiмшiлiк, сот сипатындағы және дипломатиялық сипаттағы өзге де мәтiндер), сондай-ақ олардың ресми аудармалары;
2) мемлекеттiк нышандар мен белгiлер (жалаулар, елтаңбалар, ордендер, ақша белгiлерi және өзге де мемлекеттiк нышандар мен белгiлер);
3) халық шығармашылығы туындылары;
4) оқиғалар мен фактiлер туралы ақпараттық сипаттағы хабарлар.
9-бап. Авторлық құқықтың пайда болуы. Авторлықтың презумпциясы
- Ғылым, әдебиет және өнер туындысына авторлық құқық оның жасалу фактiсiне қарай туындайды. Авторлық құқықтың пайда болуы мен жүзеге асырылуы үшiн туындыны тiркеу, туындыны өзге де арнайы ресiмдеу немесе қандай да болсын шарттылықты сақтау талап етiлмейдi.
Өздерiнiң айрықша мүлiктiк құқықтары туралы хабарлау үшiн автор және (немесе) құқық иеленушi авторлық құқықты қорғау белгiсiн пайдалануға құқылы, ол белгi туындының әр данасына қойылады және мiндеттi түрде мынадай үш элементтен тұрады:
1) қоршауға алынған латынша «С» әрпi;
2) айрықша авторлық құқықтар иесiнiң есiмi (атауы);
3) туындының алғаш жарияланған жылы.
Автор жарияланбаған туындыға жеке мүлiктiк емес құқықтарын куәландыру үшiн авторлық құқықтың қорғалатын мерзiмi iшiнде кез келген уақытта қажетті мәліметтерді осы Заңға сәйкес Авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тiзiлiміне (бұдан әрі – Тізілім) енгізуге құқылы.
1-1. Алып тасталды – ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
- Өзге де дәлелдеме болмаған кезде туындының түпнұсқасында немесе данасында автор ретiнде көрсетiлген адам туындының авторы – авторлықтың презумпциясы деп есептеледі.
Авторлықтың презумпциясы тек автордың өзіне қатысты ғана қолданылады.
- Туынды жасырын немесе бүркеншiк атпен жарияланған жағдайда (автордың бүркеншiк аты оның өзi екенiне күмән туғызбайтын жағдайды қоспағанда), туындыда есiмi немесе атауы көрсетiлген баспагер өзге дәлелдер болмаған кезде осы Заңға сәйкес автордың өкiлi болып табылады және оның өкiл ретiнде автордың құқығын қорғауға, оның жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге құқығы бар. Бұл ереже сондай туындының авторы өзiнiң кiм екенiн ашқанша және өзiнiң авторлығын мәлiмдегенше қолданыла бередi.
- Алып тасталды – ҚР 20.06.2018 № 161-VIЗаңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).
9-1-бап. Мәліметтерді Тізілімге енгізу
- Мәліметтерді және олардың өзгерістерін Тізілімге енгізу уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен, автордың өтініші алынған күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде немесе соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде жүргізіледі.
Тізілімде автордың өтініші алынған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде енгізілген мәліметтердің тиесілілігін, сипатын немесе мазмұнын өзгертпейтін техникалық сипаттағы қателер түзетілуі мүмкін.
- Мәліметтерді Тізілімге енгізу туралы өтінішке туындының бір данасы және осы көрсетілген қызметке ақы төленгендігін растайтын құжаттың көшірмесі және қажет болған жағдайда ақы төлеу мөлшерін азайту негізін растайтын құжаттың көшірмесі қоса беріледі.
Туындының бір данасының орнына өтінішке – эскиздер, сызбалар, суреттер немесе фотосуреттер, ал ЭЕМ-ге немесе дерекқорға арналған бағдарламаларға қатысты бағдарламаның немесе дерекқордың атауын, автордың тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), жасалған күнін, қолдану саласын, мақсатын, функционалдық мүмкіндіктерін, бастапқы кодын (бастапқы мәтінді), негізгі техникалық сипаттамаларын, бағдарламалау тілін, іске асырушы ЭЕМ-нің типін қамтитын реферат қоса берілуі мүмкін.
Діни мазмұндағы туындыларға қатысты дінтану сараптамасының оң қорытындысының көшірмесі қосымша ұсынылады.
Құрамдас туындыға немесе туынды шығармаға қатысты төл туындының авторымен немесе құқық иеленушісімен жасалған авторлық шарттың көшірмесі қосымша ұсынылады.
- Бөлек тең авторлықпен шығарылған туындыларға авторлық құқықтар туралы мәліметтер тең авторлардың кез келгені оны өзінің өтінішінде көрсеткен жағдайда Тізілімге бөлек енгізілуі мүмкін.
- Тізілімге бір жеке немесе заңды тұлғалардың тауарларын (көрсететін қызметтерін) басқа жеке немесе заңды тұлғалардың біртектес тауарларынан (көрсететін қызметтерінен) ажыратуға қызмет ететін (арналған) туындыларға құқықтар туралы мәліметтер енгізілмейді.
- Автор құжаттар топтамасын толық ұсынбаған жағдайда сараптама ұйымы өтінішті қабылдаудан бас тартады.
Сараптама ұйымы осы баптың талаптары сақталмаған жағдайда қызметтерді көрсетуден бас тартады.
- Уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша куәлік беру тиісті мәліметтерді Тізілімге енгізуді растау болып табылады.
- Тізілімнен алынған мәліметтердің күшін жою автордың өтініші бойынша, сондай-ақ соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде жүргізіледі.
- Құжаттардың көшірмелері, тиісті туындының бір данасы және (немесе) оның сипаттамасы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, үшінші тұлғаларға автордың келісімімен беріледі.
9-2-бап. Сараптама ұйымы
- Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, өз қызметінде уәкілетті органға ведомстволық бағынысты сараптама ұйымы:
1) мәліметтерді және олардың өзгерістерін Тізілімге енгізеді;
2) өз қызметі шеңберінде мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды;
3) Тізілімді жүргізеді және оған қолжетімділікті қамтамасыз етеді;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қызмет түрлерін жүзеге асырады.
- Сараптама ұйымы мәліметтерді Тізілімге енгізгені үшін көрсетілген қызметтерге ақы төлеу кезінде:
Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен оларға теңестірілген адамдарға;
Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға;
1941 жылғы 22 маусым мен 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адамдарға;
мүгедектерге, сондай-ақ бала кезінен мүгедектің ата-анасының біреуіне;
оралмандарға;
кәмелетке толмағандарға жеңілдіктер береді.
Жеңілдіктер жоғарыда санамаланған адамдар санаттарының кез келгеніне жататындығы туралы растайтын құжаттар ұсынылған кезде мәліметтерді Тізілімге енгізу жөнінде көрсетілген қызмет үшін бағаның 95 пайызы мөлшерінде беріледі.
- Уәкілетті органмен келісу бойынша сараптама ұйымы қызметтер көрсеткені үшін осы ұйым шеккен шығындарды толық өтеу, оның қызметінің шығынсыздығы және өз кірістері есебінен қаржыландыру қамтамасыз етілген жағдайда, көрсетілетін қызметтердің бағаларын бекітеді.
10-бап. Тең авторлар
- Екi немесе одан да көп адамның (тең авторлардың) бiрлескен шығармашылық еңбегiмен жасалған туындының авторлық құқығы, мұндай туындының бөлiнбес бiртұтас болуына немесе әрқайсысы өз алдына жеке мәнге ие бөлiмдерден тұратындығына қарамастан, тең авторларға тиесiлi болады.
Егер туындының бiр бөлiгiн осы туындының басқа бөлiктерiне қарамастан пайдалану мүмкiн болса, бұл бөлiгi дербес мәнi бар туынды деп танылады.
Егер тең авторлар арасындағы келiсiмде өзгеше көзделмесе, олардың әрқайсысы туындының дербес мәнi бар өзi жасаған бөлiгiн өз қалауы бойынша пайдалануға құқылы.
- Тұтас алғанда туындыны пайдалану құқығы тең авторларға ортақ. Тең авторлардың өзара қатынастары олардың арасында жасалған келiсiм арқылы белгiленуi мүмкiн. Егер тең авторлардың туындысы бөлiнбейтiн бiртұтас дүние болса, тең авторлардың бiр де бiрiнiң туындыны пайдалануға жеткiлiктi негiздерi болмайынша тыйым салуға құқығы жоқ.
- Тең авторлардың әрқайсысы өз атынан, соның iшiнде, басқа тең авторлардың рұқсатын алмастан, егер олардың арасында келiсiммен өзгеше көзделмесе, өз құқықтарын қорғауға байланысты осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде көзделген шараларды қолдануға құқылы.
11-бап. Құрамдас туындыларға авторлық құқық
- Жинақтың және басқа да құрама туындылардың авторына (құрастырушысына) шығармашылық (құрастырушылық) еңбек нәтижесi болып табылатын материалдарды iрiктеудi және (немесе) орналастыруды жүзеге асырғандығы үшiн авторлық құқық берiледi.
Құрастырушының өзi құрама туындыға енгiзiлген әрбiр туынды авторларының құқықтарын сақтаған жағдайда авторлық құқықты пайдаланады.
Егер авторлық шартта өзгеше көзделмесе, құрама туындыға енгiзiлген туындылардың авторлары өз туындыларын құрама туындыға қарамастан пайдалана беруге құқылы.
Құрастырушысының авторлық құқығы басқа адамдардың сол материалдарды басқа құрама туындылар жасау үшiн дербес iрiктеуiне және (немесе) орналастыруына кедергi жасамайды.
- Энциклопедияларды, энциклопедиялық сөздiктердi, мерзiмдi және шығуы жалғаса беретiн ғылыми еңбектер жинақтарын, газеттердi, журналдарды және басқа да мерзiмдi басылымдарды жарыққа шығаратын баспагерге мұндай басымдарды тұтас пайдалануға айрықша құқық берiледi. Баспагер мұндай басылымдарды кез-келген жағдайда пайдаланса да өзiнiң атауын көрсетуге немесе оны көрсетудi талап етуге құқылы.
Мұндай басылымдарға енгiзiлген туындылардың авторлары жалпы басылымға қарамастан өз туындыларын пайдалануға айрықша құқықтарын сақтап қалады.
12-бап. Туынды шығармаларға авторлық құқық
- Аудармашыларға және басқа да туынды шығармалардың авторларына өздерiнiң жасаған аудармасына, қайта жасағанына, музыкалық әуендерден немесе басқа да өңдеуден өткiзгенiне авторлық құқық берiледi.
Аудармашы және басқа да туынды шығарма авторы өзi аударатын, қайта жасайтын, музыкалық әуендейтiн немесе басқа да өңдеуден өткiзетiн туынды авторының авторлық құқығын сақтаған жағдайда өзi жасаған туындыға авторлық құқықты пайдаланады.
- Аудармашылардың және басқа да туынды шығарма авторларының авторлық құқығы сол туындыларды өзге адамдардың аударуына және өңдеуiне кедергi болмайды.
13-бап. Дыбыс-бейнежазу туындысына авторлық құқық
- Дыбыс-бейнежазу туындысының авторлары (тең авторлары):
1) сценарий авторы; 2) дыбыс-бейнежазу туындысына арнайы жасалған музыкалық туындының (мәтiнi немесе мәтiнсiз) авторы (сазгер); 3) қоюшы-режиссер; 4) қоюшы-оператор;5) қоюшы суретшi болып табылады.
Бұрын шығарылған, қайта өңделген немесе дыбыс-бейнежазу туындысының құрамдас бөлiгi ретiнде енгiзiлген туынды авторы да дыбыс-бейнежазу туындысының тең авторы болып саналады.
- Дыбыс-бейнежазу туындысын жасауға немесе бұрын жасалған туындыға құқық беруге авторлық шарттың жасалуы, осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, осы туынды авторларының (немесе бұрын жасалған туынды авторларының және өзге де авторлық құқықтар иелерiнiң) дыбыс-бейнежазу туындысын жасаушыға, егер авторлық шартта өзгеше көзделмесе, дыбыс-бейнежазу туындысын пайдалануға айрықша құқық беруiне әкеп соғады.
Дыбыс-бейнежазу туындысын жасаушы бұл туынды кез келген жағдайда пайдаланылса да өз есiмiн немесе атауын көрсетуге, не солай көрсетiлуiн талап етуге құқылы.
- Дыбыс-бейнежазу туындысына арнайы шығарылған музыкалық туындының (мәтiнмен немесе мәтiнсiз) авторы осы музыкалық туындының дыбыс-бейнежазу туындысы ретiнде көпшiлiк алдында әрбiр орындалуы жағдайында оның көпшiлiкке хабарланғаны, сондай-ақ дыбыс-бейнежазу туындысы данасының прокатқа (жалға) берiлгенi үшiн сыйақы алу құқығын сақтап қалады.
- Дыбыс-бейнежазу туындысына құрамдас бөлiк ретiнде енген, бұрыннан бар (сценарий негiзiне алынған роман авторы және басқалар), сондай-ақ жұмыс процесiнде туған (қоюшы-оператор, қоюшы-суретшi және басқалар) туындылар авторларының әрқайсысы өз туындысына авторлық құқықты пайдаланады.
14-бап. Қызметтiк туындыларға авторлық құқық
- Қызмет бабында мiндеттердi немесе жұмыс берушiнiң қызметтiк тапсырмасын орындау тәртiбi бойынша жасалған туынды авторының мүлiктiк емес жеке құқығын қызметтiк туынды авторы иеленедi.
- Егер жұмыс беруші мен автор арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, қызметтік туындыға мүліктік (айрықша) құқықтарға жұмыс беруші ие болады.
- Қызметтiк туынды кез келген жағдайда пайдаланылса, жұмыс берушi өз атауын көрсетуге немесе солай көрсетiлуiн талап етуге құқылы.
- Алып тасталды – ҚР-ның 2009.07.10. № 179-IV Заңымен.
- Қызмет бабындағы мiндеттердi немесе жұмыс берушiнiң қызметтiк тапсырмаларын орындау тәртiбiмен энциклопедияларды, энциклопедиялық сөздiктердi, ғылыми еңбектердiң мерзiмдi және жалғастырыла беретiн жинақтарын, газеттердi, журналдарды және басқа да мерзiмдi басылымдарды (осы Заңның 11-бабының 2-тармағы) жасауға бұл баптың ережелерi қолданылмайды.
15-бап. Мүлiктiк емес жеке құқықтар
- Автордың өз туындысына қатысты мынадай мүлiктiк емес жеке құқықтары болады:
1) туындының авторы деп танылу құқығы және оны тануды, соның iшiнде, егер iс жүзiнде мүмкiн болса, туынды кез келген жария пайдаланылған кез келген жағдайда оның даналарына автордың есiмiн тиiстi түрде көрсету арқылы тануды талап ету құқығы (авторлық құқық);
2) туынды пайдаланылған кез келген жағдайда оның даналарына автордың шын есiмiнiң орнына лақап есiмiн (бүркеншiк есiмiн) көрсету және соны талап ету немесе есiмiн көрсетуден бас тарту құқығы, яғни жасырындық (есiмi аталу құқығы);
3) туындының атауымен қоса, оған қол сұғылмаушылық құқығы, туындыны кез-келген жолмен бүлдiруге, бұрмалауға немесе өзге жолмен өзгертуге, сондай-ақ автордың абыройына немесе беделiне нұқсан келтiре алатын басқа кез-келген қол сұғушылыққа қарсы әрекет ету құқығы (автордың беделiн қорғау құқығы).
4) қызметтік міндеттерді немесе жұмыс берушінің қызметтік тапсырмасын орындау тәртібімен жасалған туындыларды қоспағанда, туындыға белгiсiз адамдар тобының қол жеткiзуiне жол ашу құқығы (халыққа жария ету құқығы).
- Бұрын қабылданған шешiмнен пайдаланушыға келтiрiлген зиян, соның iшiнде оның айрылып, қалған пайдасы өтелген жағдайда автордың туындыны жариялау туралы ондай шешiмнен бас тартуға құқығы бар (керi қайтарып алу құқығы). Егер туынды жарияланып кеткен болса, автор оны керi қайтарып алатыны туралы жария түрде хабарлауға мiндеттi. Бұл ретте ол туындының бұрын дайындалған даналарын өз есебiнен қайтып алуға құқылы.
Қызметтiк туындыларды жасаған кезде бұл тармақтың ережелерi қолданылмайды.
- Автордың мүлiктiк құқықтарына қарамастан, оның мүлiктiк емес жеке құқықтары болады және оларды туындыны пайдалану жөнiндегi айрықша құқықтарын бiреуге берген жағдайда да сақтап қалады.
- Авторды оның осы бапта көзделген мүлiктiк емес жеке құқықтарынан айыруға болмайды.
- Автор қайтыс болғаннан кейiн оның мүлiктiк емес жеке құқықтары осы Заңның 30-бабындабелгiленген тәртiп бойынша жүзеге асырылады.
16-бап. Мүлiктiк құқықтар
- Автордың немесе өзге құқық иеленушiнiң сол туындыны кез келген нысанда және кез келген әдiспен пайдалануға мүлiктiк (айрықша) құқығы бap.
- Автордың туындыны пайдалануға айрықша құқықтары төмендегi әрекеттердi жүзеге асыру, рұқсат ету немесе жүзеге асыруға тыйым салу құқығын бiлдiредi:
1) туындыны қайта шығару (қайта шығару құқығы);
2) туындының түпнұсқасын немесе даналарын кез келген әдiспен таратуына: сатуына, айырбастауына, прокатқа (жалға) беруiне, өзге де операциялар, оның ішінде ашық телекоммуникациялар желісінде операциялар жасауына (тарату құқығы);
3) тарату мақсатында туынды даналары, соның iшiнде автордың немесе авторлық құқықтардың өзге иесiнiң рұқсатымен дайындалған даналарын импорттау (импортқа әкелу құқығы);
4) туындыны жария көрсету (жария көрсету құқығы);
5) туындыны жария орындау (жария орындау құқығы);
6) туындыны жария хабарлау (туындыны жалпы жұрттың назарына арнап хабарлау), соның iшiнде эфирде немесе кабель арқылы хабарлау (жария хабарлау құқығы);
7) жалпы жұрттың назарына арнап эфирде алғашқы және (немесе) кейiнгi хабарлауды қоса алғанда туындыны эфирде хабарлау (эфирде жариялау құқығы);
8) жалпы жұрттың назарына арнап кабель арқылы алғашқы және (немесе) кейiнгi хабарлауды қоса алғанда туындыны кабель арқылы хабарлау (кабель арқылы хабарлау құқығы);
9) туындыны аудару (аудару құқығы);
10) туындыны қайта жасау, музыкалық әуендеу немесе басқаша түрде қайта өңдеу (өңдеу құқығы);
10-1) туындыны жалпы жұрттың назарына жеткізу (жалпы жұрттың назарына жеткізу құқығы)
11) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне қайшы келмейтiн өзге де әрекеттердi жүзеге асыру құқықтарын бiлдiредi.
- Егер туындының заңды түрде жарияланған даналары оларды сату арқылы азаматты айналымға түсiрiлсе, онда олардың автордың келiсiмiнсiз және сыйақы төлемей одан әрi таратуға жол берiледi.
Туындының түпнұсқасын немесе даналарын жалға беру (және көпшiлiкке жалға беру) арқылы тарату құқығы, ол даналарға меншiк құқығына қарамастан:
1) ноталық мәтiн түрiндегi музыкалық туындының;
2) фонограммаға түсiрiлген туындының;
3) дыбыс-бейнежазу туындысының;
4) деректер базасының;
5) ЭЕМ бағдарламаларының авторына немесе авторлық құқық иесiне берiледi.
- Сәулет, қала құрылысы және бау-саябақ жобаларын пайдалануға айрықша құқықтар мұндай жобалардың нақты iске асырылуын да қамтиды.
- Автордың немесе өзге құқық иеленушiнiң туындыны пайдаланудың әрбiр түрi үшiн сыйақы алуға құқығы бар, оның мөлшерi мен есептелу тәртiбi авторлық шартпен, сондай-ақ авторлардың мүлiктiк құқықтарын ұжымдық негiзде басқаратын ұйымдармен жасасатын шарттармен белгiленедi.
- Осы баптың 2-тармағында көзделген мүлiктiк құқықтарды шектеулер, егер мұндай шектеулер туындыны дұрыс пайдалануға зиян келтiрмей, автордың немесе өзге де құқық иеленушінің заңды мүдделерiне негiзсiз қысым жасамайтын болса, осы Заңның 18–26-баптарыменбелгiленедi.
16-1-бап. Авторлық сыйақының ең төмен ставкалары
Туындының сипатына немесе оны пайдалану ерекшелiктерiне (жұртшылық алдында, оның iшiнде радиода және телевизияда орындауға, туындыны механикалық, магниттiк немесе өзге де жазба арқылы қайта шығаруға, көшiрмелеуге, туындыны автордың келісімінсіз жеке мақсатта қайта шығаруға және басқа да жағдайларға) байланысты мүлiктiк (айрықша) құқықтарды жеке тәртіппен iс жүзiнде жүзеге асыру мүмкiн болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының Үкiметi авторлық сыйақының ең төмен ставкаларын белгiлейді.
Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйым пайдаланушылармен шарттар жасасқан кезде авторлық сыйақы мөлшерлемелерінің мөлшерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген сыйақының ең төменгі мөлшерлемелерінен төмен етіп белгілеуге құқылы емес.
17-бап. Бейнелеу өнерi туындыларын еркiн пайдалану құқығы. Қадағалау құқығы
- Бейнелеу өнерi шығармасының авторы туындының меншiк иесiнен өз туындысының көшiрмесiн жасау құқығын жүзеге асыруға мүмкiндiк беруiн талап етуге құқылы (қол жеткiзу құқығы). Бұл орайда туындыны меншiк иесiнен туындыны авторға жеткiзiп берудi талап етуге болмайды.
- Бейнелеу өнерi туындысының түпнұсқасын жария түрде (аукцион, бейнелеу өнерiнiң галереясы, көркемдiк салоны, дүкен және сол сияқтылар арқылы) қайталап сатқан әрбiр жағдайда мұндай бейнелеу өнерi туындысын меншiктену құқығынан бiрiншi рет айырылғаннан кейiн автордың немесе оның мұрагерлерiнiң сатушыдан қайталап сату бағасының бес процентi мөлшерiнде сыйақы алуға құқығы бар (қадағалау құқығы). Авторды тiрi кезiнде аталған құқықтан айыруға болмайды және ол заң бойынша немесе қалдырған өсиетi бойынша авторлық құқық мерзiмiнде тек қана автордың мұрагерлерiне көшедi.
- Бейнелеу өнерi туындысына меншiк құқығының автордан басқа тұлғаға ауысуы (өтеулi немесе өтеусiз) осы туындының бiрiншi рет иелiктен айырылуын бiлдiреді.
18-бап. Туындыны жеке мақсатта автордың немесе өзге де құқық иеленушiнiң келiсiмiнсiз және авторлық сыйақы төлемей көшiрмелеу
- Заңды түрде жарияланған туындыны автордың немесе өзге де құқық иеленушiнiң келiсiмiнсiз және авторлық сыйақы төлемей жеке тұлғаның тек өз мақсаты үшiн және табыс алмай, осы Заңның 26-бабындакөзделген реттердi қоспағанда, жалғыз дана етiп көшiрмелеуiне жол берiледi.
- Осы баптың 1-тармағының ережесi:
1) үйлер және солар сияқты ғимараттар түрiндегi сәулет өнерi туындыларын көшiрмелеуге;
2) деректер базаларын немесе олардың елеулi бөлiктерiн көшiрмелеуге;
3) осы Заңның 24-бабында көзделгендерден басқа реттердi қоспағанда, ЭЕМ-ге арналған бағдарламаларды көшiрмелеуге;
4) кiтаптарды (толығымен) және нота мәтiндерiн репродукциялауға (репрографиялық қайта шығаруға) қолданылмайды.
19-бап. Туындыны автордың немесе өзге де құқық иеленушiнiң келiсiмiнсiз және авторлық сыйақы төлемей пайдалану
Автордың немесе өзге де құқық иеленушiнiң келiсiмiнсiз және авторлық сыйақы төлемей, бiрақ туындысы пайдалынатын автордың есiмiн және қай деректен алынғаны мiндеттi түрде көрсетiле отырып, шығарманы пайдалануға мынадай жағдайларда жол берiледi:
1) заңды түрде жарияланған туындылардан түпнұсқа күйiнде және аударма түрiнде ғылыми, зерттеу, пiкiрталас, сыни және ақпараттық мақсатта, баспасөзге шолу ретiнде газеттер мен журналдар мақалаларынан алынған үзiндiлерiн қоса алғанда, дәйексөз алу мақсатына сай көлемiнде дәйексөз алу;
2) заңды түрде жарияланған туындыларды және олардан алынған үзiндiлерiн оқыту сипатындағы басылымдарда, радио және телехабарларда, дыбыс-бейнежазуларда алға қойған мақсатқа сай көлемде кіріс алмастан пайдалану;
3) ағымдағы экономикалық, саяси, әлеуметтiк және дiни мәселелер бойынша газеттерде немесе журналдарда заңды түрде жарияланған мақалаларды немесе эфирге берiлген осындай сипаттағы туындыларды жалпы жұртшылық назарына жеткiзу үшiн, автор тарапынан мұндай көшiрмелеуге, эфирге беруге немесе хабарлауға арнауы тыйым салынбаған жағдайларда, газеттерге көшiрiп басу, эфирге тарату немесе кабель бойынша хабарлау;
4) көпшiлiк алдында сөйленген саяси сөздердi, үндеулердi, баяндамаларды және басқа осы сияқты туындыларды ақпараттық мақсатқа сай көлемде жалпы жұртшылық назарына жеткiзу үшiн газеттерге көшiрiп басу, эфирге тарату немесе кабель бойынша хабарлау. Бұл орайда автордың мұндай туындыларды жинақтарда жариялау құқығы сақталады;
5) ағымдағы оқиғалар барысында көрiнген немесе естiлген ағымдағы оқиғаларды суретке түсiру немесе кинематография құралдары, эфирге тарату немесе жалпы жұртшылық назарына жеткiзу үшiн кабель бойынша хабарлау арқылы ақпараттық мақсатқа сай көлемде шолуларда көшiрмелеу немесе көпшiлiк назарына арналған хабар. Бұл орайда автордың мұндай туындыларды жинақтарда жариялау құқығы сақталады;
6) заңды түрде жарияланған туындыларды бедерлi-нүкте жазумен немесе зағип адамдарға арналған басқа да арнайы тәсiлдермен, осылайша көшiрмелеу үшiн арнайы жасалған туындыларды қоспағанда, пайда таппай көшiрмелеу;
7) кітапханалардың және мұрағаттардың туындының жоғалған немесе бүлінген даналарын ауыстыру мақсатында құқыққа сыйымды жарияланған туындыларды пайда алмастан цифрлық форматқа ауыстыру арқылы туындының жалғыз данасын қайта шығаруы, сондай-ақ өздерінің қорларынан туындыны қандай да бір себептермен жоғалтқан басқа да кітапханаларға туындының даналарын беру.
20-бап. Туындыларды репродукциялау арқылы пайдалану
Автордың немесе өзге құқық иеленушiнiң келiсiмiнсiз және сыйақы төлемей, бiрақ туындысы пайдаланылатын автордың есiмi мен қай деректен алынғаны мiндеттi түрде көрсетiле отырып, туындының жалғыз данасын:
1) заңды түрде жарияланған туындыны кiтапханаларда және архивтерде қалпына келтiру, жоғалып кеткен немесе бүлiнген даналарды ауыстыру, өз қорындағы туындыны белгiлi бiр себептермен жоғалтып алған басқа кiтапханаларға туындының даналарын беру үшiн;
2) кiтапханалар мен архивтердiң жинақтарда, газеттерде және басқа мерзiмдi басылымдарда заңды түрде жарияланған жеке мақалалар мен шағын көлемдi туындыларды, заңды түрде жарияланған жазбаша туындылардан қысқаша үзiндiлердi (суретпен немесе суретсiз) жеке тұлғалардың оқып-үйрену және зерттеу мақсатындағы сауалдары бойынша;
3) жинақтарда, газеттерде және басқа да мерзiмдi басылымдарда заңды түрде жарияланған жекелеген мақалалар мен шағын көлемдi туындыларды, заңды түрде жарияланған жазбаша туындылардың қысқаша үзiндiлерiн (суретпен немесе суретсiз) білім беру ұйымдары дәрiсханалардағы сабаққа пайдалану үшiн, пайда алмай репродукциялауына жол берiледi.
21-бап. Еркiн кiрiп көруге ашық орындарға тұрақты қойылған туындыларды еркiн пайдалану
Туындыны бейнелеу қайта шығарудың, эфирге берудiң және (немесе) кәбiл бойынша жалпыжұрттың назарына хабарлаудың негiзгi объектiсi болатын немесе туындыны бейнелеу коммерциялық мақсат үшiн пайдаланылатын жағдайларды қоспағанда, еркiн кiрiп көруге ашық орындарға тұрақты қойылған сәулет, суретке түсiру, бейнелеу өнерi туындыларын автордың немесе өзге де құқық иеленушiнiң келiсiмiнсiз және авторлық сыйақы төлемей қайта шығаруға, эфирге беруге және (немесе) кәбiл бойынша жалпы жұрттың назарына хабарлауға жол берiледi.
22-бап. Туындыларды ресми және өзге де рәсiмдер кезiнде көпшiлiк алдында орындау
Заңды түрде жарияланған музыкалық туындыларды ресми және дiни рәсiмдер, сондай-ақ өлiктi жерлеу кезiнде көпшiлiк алдында сол рәсiмдердiң сипатына сәйкес келетiн көлемде автордың немесе өзге де құқық иеленушiнiң келiсiмiнсiз және авторлық сыйақы төлемей орындауға жол берiледi.
23-бап. Туындыларды сот және әкiмшiлiк мақсаттар үшiн көшiрмелеу
Туындыларды сот және әкiмшiлiк iс жүргiзу үшiн осындай мақсатқа белгiленген көлемде автордың немесе өзге де құқық иеленушiнiң келiсiмiнсiз және авторлық сыйақы төлемей көшiрмелеуге жол берiледi.
24-бап. ЭЕМ-ге арналған бағдарламаларды және деректер базасын еркiн көшiрмелеу. ЭЕМ-ге арналған бағдарламаларды керi жазып шығу
- ЭЕМ-ге арналған бағдарламаның немесе деректер базасының данасын заңды түрде иеленетiн адам автордың немесе өзге айрықша құқықтар иесiнiң рұқсатын алмай және қосымша сыйақы төлемей туындыны пайдалануға:
1) ЭЕМ-ге арналған бағдарламаға немесе деректер базасына оны пайдаланушының техникалық құралдарында жұмыс iстеу мақсатында ғана жүзеге асырылатын өзгерiстердi енгiзуге, ЭЕМ-ге арналған бағдарламаның немесе деректер базасының жұмыс iстеуiне қажеттi оның мақсатына сәйкес кез-келген iс-әрекеттi, соның iшiнде ЭЕМ-нiң (бiр ЭЕМ немесе жүйенi бiр пайдаланушы) зердесiне жазу мен сақтауды, сондай-ақ автормен жасалған шартта өзгеше көзделмесе, көрiнеу қателердi түзетудi жүзеге асыруға;
2) ЭЕМ-ге арналған бағдарламаның немесе деректер базасының көшiрмесiн тек қана архивтiк мақсатқа және ЭЕМ-ге арналған бағдарламаның немесе деректер базасының түпнұсқасы жоғалып, жойылып кеткен немесе пайдалануға жарамай қалған жағдайларда заңды түрде алынған дананы ауыстыру үшiн ғана жасауға немесе жасауды тапсыруға құқылы. Бұл орайда ЭЕМ-ге арналған бағдарлама мен деректер базасының көшiрмесiн осы тармақтың 1)-тармақшасында көрсетiлгеннен басқа мақсаттарға пайдалануға болмайды және ЭЕМ-ге арналған бағдарлама мен деректер базасының данасын иелену заңды деп тану тоқтатылған жағдайда ол жойылуға тиiс.
- ЭЕМ-ге арналған бағдарлама данасын заңды түрде иеленетiн адам автордың немесе өзге де айрықша құқықтар иесiнiң келiсiмiнсiз және қосымша сыйақы төлемей объект кодын көшiруге және бастапқы мәтiнде өзгертуге (ЭЕМ-ге арналған бағдарламаны керi жазып шығуға) немесе, егер олар осы адамның ЭЕМ-ге арнап өз бетiнше жасаған бағдарламасының керi жазылып шыққан бағдарламамен өзара iс-әрекет жасай алатын өзге бағдарламалармен өзара iс-әрекет жасау қабiлетiне жету үшiн қажет болса, мынадай шарттарды сақтаған жағдайда ол бұл iс-әрекеттi жүзеге асыруды өзге адамдарға тапсыруға құқылы:
1) өзара iс-әрекет жасау қабiлетiне жету үшiн қажеттi, бұл адам бұрын басқа деректерден ала алмаған ақпарат;
2) аталған әрекеттер ЭЕМ-ге арналған бағдарламаның керi жазылып шыққан, өзара iс-әрекет қабiлетiне жету үшiн қажеттi бөлiктерi жөнiнде ғана жүзеге асырылады;
3) керi жазып шығу нәтижесiнде алынған ақпаратты ЭЕМ-ге арнап өз бетiнше жасалған бағдарламаның өзге бағдарламалармен өзара iс-әрекет жасау қабiлетiне қол жеткiзу үшiн ғана пайдалануға болады, ЭЕМ-ге арнап өз бетiнше жасалған бағдарламаның басқа бағдарламалармен өзара iс-әрекет жасау қабiлетiне қол жеткiзу үшiн қажет болатын жағдайларды қоспағанда, оны өзге адамдарға беруге болмайды, сондай-ақ оны өзiнiң түрi жағынан ЭЕМ-ге арнап керi жазылып шыққан бағдарламаға едәуiр ұқсайтын ЭЕМ-ге арналған бағдарламаны әзiрлеу үшiн немесе авторлық құқықты бұзатын басқа да кез-келген әрекеттi жүзеге асыру үшiн пайдалануға болмайды.
- Бұл баптың ережелерiн қолдану ЭЕМ-ге арналған бағдарламаны немесе деректер базасын қалыпты пайдалануға орынсыз залал келтiрмеуге тиiс және автордың немесе ЭЕМ-ге арналған бағдарламаға немесе деректер базасына айрықша құқықтың өзге де иесiнiң заңды мүдделерiне негiзсiз қысым жасамауға тиiс.
25-бап. Туындыларды қысқа мерзiмге пайдалану үшiн эфирге хабар тарату ұйымдары жүзеге асыратын жазбалар
Эфирге хабар тарату ұйымы автордың немесе өзге де құқық иеленушiнiң келiсiмiнсiз және қосымша сыйақы төлемей осы ұйым эфирге беруге құқық алған туындыны қысқа уақытқа пайдалану үшiн жазбасын мынадай жағдайларда:
1) жазбаны эфирге хабар тарату ұйымы өз жабдықтарының көмегiмен және өз хабарлары үшiн дайындаған;
2) егер жазылған туынды авторымен немесе өзге де құқық иеленушiсiмен неғұрлым ұзақ мерзiмге келiсiлмесе, мұндай жазбаны ол әзiрленгеннен кейiнгi алты ай iшiнде жойылған жағдайларда жазуға болады. Егер жазбаның құжаттық мәнi ерекше болса, мұндай жазба туынды авторының немесе өзге де құқық иеленушiсiнiң келiсiмiнсiз-ақ ресми мұрағаттарда сақталуы мүмкiн.
26-бап. Туындыны авторлық сыйақысын төлеп, автордың келiсiмiнсiз жеке мақсатта көшiрмелеу
- Туынды авторының, орындаушының, дыбыс-бейнежазу туындысын шығарушының және фонограмма жасаушының келiсiмiнсiз, бiрақ оларға сыйақы төлеп, дыбыс-бейнежазу туындысын немесе туындының дыбыстық жазбасын жеке мақсатта және табыс алмай көшiрмелеуге жол берiледi.
- Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген қайта шығару үшiн сыйақыны осындай қайта шығару үшiн пайдаланылатын жабдықтар мен материалдық жеткiзгiштердi дайындаушы немесе импорттаушы тұлғалар төлейдi.
Осындай жабдық пен материалдық жеткiзгiштердiң тiзбесiн уәкілетті орган бекiтедi.
- Бұл сыйақыны жинау мен бөлудi авторлардың, фонограмма жасаушылардың және орындаушылардың мүлiктiк құқықтарын ұжымдық негiзде басқаратын ұйымдардың бiреуi осы ұйымдар арасындағы келiсiмге сәйкес жүзеге асырады (осы Заңның 43-бабы).
- Егер бұл келiсiмде өзгеше көзделмесе, аталған сыйақы мынадай шамада бөлiнедi: авторларға – қырық процент, орындаушыларға – отыз процент, фонограмма жасаушыларға – отыз процент.
- Сыйақының мөлшерi және оны төлеудiң шарттары, бiр жағынан аталған дайындаушылар мен импорттаушылардың және екiншi жағынан авторлардың, фонограмма жазушылардың және орындаушылардың мүлiктiк құқықтарын ұжымдық негiзде басқаратын ұйымдар арасындағы келiсiмде белгiленедi, ал тараптар мұндай келiсiмге келе алмаған жағдайда – Қазақстан Республикасының уәкiлдiк берiлген органы белгiлейдi.
- Осы баптың 2-тармағында аталған, экспортқа шығаруға болатын жабдықтар мен материалдық жеткiзгiштер, сондай-ақ үй жағдайында пайдалануға арналмаған кәсiптiк жабдықтарға сыйақы төленбейдi.
27-бап. Туындыларды жеке мақсатта шет елге шығару
Шетке шығарылған жағдайда республиканың ұлттық мүдделерiне зиян келтiрiлетiн, тiзбесi белгiленген тәртiп бойынша анықталатын туындыларды қоспағанда, туындының данасын автордың немесе өзге де құқық иесiнiң келiсiмiнсiз және сыйақы төлемей тек қана жеке адамның өз мақсаттары үшiн шет елге шығаруына жол берiледi.
28-бап. Авторлық құқықтың қолданылу мерзiмi
- Авторлық құқық автордың бүкiл ғұмыры бойы және қайтыс болғаннан кейiн жетпiс жыл бойы күшiн сақтайды.
- Авторлық құқығын, оның есiмнiң құқығын және автордың беделiн қорғау құқығын қорғауға шек қойылмайды.
- Алып тасталды – ҚР-ның 2009.07.10. № 179-IV Заңымен.
- Жасырын немесе бүркеншiк атпен жарияланған туындыға авторлық құқы ол туынды заңды түрде жарияланған күннен кейiн жетпiс жыл бойы күшiн сақтайды. Егер аталған мерзiм iшiнде жасырын немесе бүркеншiк атпен шығарылған туындының авторы өзiнiң шын есiмiн немесе оның кiм екенi ендiгi жерде күмән туғызбаса, осы баптың 1-тармағының ережесi қолданылады.
- Тең авторлар жасаған туындыға авторлық құқық өмiр бойы және басқа тең авторлардан ұзақ өмiр сүрген ең соңғы автор қайтыс болғаннан кейiн жетпiс жыл бойы күшiн сақтайды.
- Автор қайтыс болғаннан кейiн отыз жыл iшiнде бiрiншi рет жарыққа шығарылған туындыға авторлық құқық туынды жарыққа шыққаннан кейiнгi жылдың бiрiншi қаңтарынан есептегенде ол жарыққа шыққаннан кейiн жетпiс жыл бойы күшiн сақтайды.
- Егер автор қуғын-сүргiнге ұшырап, қайтыс болғаннан кейiн ақталса, онда құқық қорғаудың осы бапта көзделген мерзiмi ақталған жылдан кейiнгi жылдың бiрiншi қаңтарынан бастап күшiне енедi.
- Осы бапта көзделген мерзiм сол мерзiмнiң басталуы үшiн негiз болып табылатын заңды факт болған жылдан кейiнгi жылдың бiрiншi қаңтарынан есептеле бастайды.
- Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес туындыға қорғау берiлген кезде, осы Заңның 5-бабының4-тармағына сай авторлық құқықтың қолданылу мерзiмiн туындының шыққан елінде белгiленген мерзiмнен асыруға болмайды.
Осы бапта көзделген мерзiмдер мерзiмнiң өтуiнiң басталуына негiз болып табылатын заңдық факт осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiнгi жетпiс жылдан әрi емес мерзiмде орын алған барлық жағдайларда қолданылады.
29-бап. Туындылардың қоғамдық игiлiкке айналуы
- Туындыға авторлық құқықтың қолданылу мерзiмiнiң бiтуi олардың қоғамдық игiлiкке айналғандығын бiлдiредi.
- (алып тасталды)
- Қоғамдық игiлiкке айналған туындыларды кез-келген адам авторлық сыйақы төлемей еркiн пайдалана алады. Бұл орайда авторлық құқық, автор есiмiнiң құқығы мен оның беделiн қорғау құқығы сақталуға тиiс.
- Қоғамдық игiлiкке айналған туындыларды пайдаланушылар авторлардың шығармашылық қызметiне ықпал ету, олардың материалдық-тұрмыстық жағдайларын жақсарту мақсатында авторлардың кәсiби қорына немесе авторлардың мүлiктiк құқықтарын ұжымдық негiзде басқаратын ұйымдарға қаржы аударуға ерiктi.
30-бап. Авторлық құқықтың ауысуы
- Авторлық құқық шарт бойынша және мұра ретiнде берiледi.
- Авторлық құқық мұрагерлiк тәртiбiмен заң бойынша немесе өсиет бойынша ауысады.
- Автордың осы Заңның 15-бабындакөзделген мүлiктiк емес жеке құқықтары мұрагерлiк бойынша ауыспайды. Автордың мұрагерлерi мүлiктiк емес жеке құқықтарын қорғауды жүзеге асыруға құқылы. Мұрагерлердiң аталған заңды құқықтарының мерзiмi шектелмейдi.
- Өсиет орындаушыны тағайындайтын тәртiп бойынша автор өзiнiң мүлiктiк емес жеке құқықтарын қорғауды жүктейтiн адамды көрсетуге құқылы. Мұндай адам өз өкiлеттiгiн өмiр бойы атқарады. Автордың мұндай нұсқауы болмаған жағдайда автор қайтыс болғаннан кейiн оның мүлiктiк емес жеке құқықтарын қорғауды оның мұрагерлерi, егер мұрагерлерi болмаса немесе олардың авторлық құқығы тоқтатылған болса, Қазақстан Республикасының мұндай қорғауды жүзеге асыратын уәкiлдiк берiлген органы атқарады.
31-бап. Мүлiктiк құқықтың берiлуi. Авторлық шарт
- Автордың осы Заңның 16-бабындааталған мүлiктiк құқықтары толық немесе iшiнара берiлуi, сондай-ақ айрықша құқықтарды беру туралы авторлық шарт бойынша немесе айрықша емес құқықтарды беру туралы авторлық шарт бойынша пайдалану үшiн берiлуi мүмкiн.
Мүлiктiк құқықтарды қалай да болсын басқаға беру автордың және мүлiктiк құқықтар берiлетiн адамның қолы қойылатын жазбаша шартпен ресiмделуге тиiс.
- Айрықша құқықтарды беру туралы авторлық шарт осы құқықтар берiлген адамға ғана туындыны белгiлi бiр әдiспен және шартта белгiленген шекте пайдалануға рұқсат етедi және мұндай адамға басқа адамдардың туындыны осылайша пайдалануына тыйым салу құқығын бередi. Егер айрықша құқықтар берiлген адам бұл құқықты қорғауды жүзеге асырмаса, басқа адамдарға туындыны пайдалануға тыйым салу құқығын туындының авторы жүзеге асыра алады.
- Айрықша емес құқықтарды беру туралы авторлық шарт пайдаланушыға осындай құқықты берген айрықша құқық иесiмен және (немесе) осы туындыны сондай әдiспен пайдалануға рұқсат алған басқа адамдармен туындыны тең жағдайда пайдалануға рұқсат етедi.
- Авторлық шарт бойынша берiлген құқықтар, егер шартта тiкелей өзгеше көзделмесе, айрықша емес құқықтар деп есептеледi.
32-бап. Авторлық шарттың талаптары мен нысаны
- Авторлық шартта:
1) туындыны пайдалану әдiстерi (осы шарт бойынша берiлетiн нақты құқықтар);
2) құқық берiлетiн мерзiм мен аумақ;
3) сыйақы мөлшерi және (немесе) туындыны пайдаланудың әрбiр әдiсi үшiн сыйақы мөлшерiн белгiлеу тәртiбi, оны төлеудiң тәртiбi мен мерзiмi, сондай-ақ тараптар осы шарт үшiн маңызды деп есептейтiн басқа да жағдайлар көзделуге тиiс.
- Авторлық шартта құқықтың берiлу мерзiмi туралы ереже болмаған жағдайда, егер пайдаланушыға бұл жөнiнде шарттың бұзылуына дейiн үш ай бұрын жазбаша хабарланған болса, автор шартты ол жасалған күннен бастап бiр жыл өткен соң бұза алады.
- Авторлық шартта құқық берiлетiн аумақ туралы ереже болмаған жағдайда шарт бойынша берiлетiн құқықтың қолданылуы Қазақстан Республикасының аумағымен шектеледi.
- Туындыны пайдалануға авторлық шарт бойынша тiкелей берiлмеген құқықтар берiлмедi деп саналады.
- Шарт жасалған кезде белгiсiз болған туындыны пайдалану құқықтары авторлық шарт мәселесi бола алмайды.
- Сыйақы туындыны тиiсiнше пайдалану әдiсiне сәйкес түсетiн табыс процентi түрiнде авторлық шартта немесе, егер мұны туындының сипатынан немесе оны пайдалану ерекшелiктерiне байланысты жүзеге асыру мүмкiн болмаса, шартта көрсетiлген сома түрiнде не басқаша түрде белгiленедi.
- Авторлық шарт бойынша берiлген құқықтар, егер ол тек шартта тiкелей көзделген болса, басқа адамдарға түгелдей немесе iшiнара берiлуi мүмкiн.
- Осы Заңның 14және 33-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, автордың болашақта жасайтын туындыларын пайдалану құқықтары авторлық шарт мәселесi бола алмайды.
- Автордың болашақта белгiлi бiр тақырыпта немесе белгiлi бiр салада туынды жасауына шек қоятын авторлық шарт ережесi маңызсыз болып табылады.
- Осы Заң ережелерiне қайшы келетiн авторлық шарт ережелерi маңызсыз болып табылады.
- Авторлық шарт жазбаша түрде жасалуға тиiс. Туындыны мерзiмдi баспасөзде пайдалану туралы авторлық шарт ауызша түрде жасалуы мүмкiн.
- Электрондық нысанда жасалған туындылардың, соның iшiнде ЭЕМ-ге және деректер базасына арналған бағдарламаның даналарын сату кезiнде, сондай-ақ көпшiлiк пайдаланушыларға оны пайдалануға рұқсат беру кезiнде оларға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де шарт нысандары мен оларды жасасу тәртiбiн қолдануға болады.
- Авторлық шартта көрсетiлген мiндеттердi орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған тарап екiншi тарапқа келтiрiлген залалды, соның iшiнде алынбаған пайдасын өтеуге мiндеттi.
33-бап. Тапсырыстың авторлық шарты
- Тапсырыстың авторлық шарты бойынша автор шарт ережелерiне сәйкес туынды жасап, оны тапсырысшыға беруге мiндеттенедi.
Тапсырыстың авторлық шартында туынды тапсырыс берушіге берілуге тиіс мерзім, сондай-ақ туындыны пайдалануға мүліктік құқықтарды беру көзделуге тиіс.
- Тапсырыс берушi шартта келiсiлген сыйақы есебiнен авторға аванс төлеуге мiндеттi. Аванстың мөлшерi, төлеу тәртiбi мен мерзiмi тараптардың келiсуiмен шартта белгiленедi.
- Тапсырыс шартының ережелерiне тапсырыс туындысын табыс етпеген автор тапсырыс берушiге келтiрген нақты зиянды өтеуге мiндеттi.