Қазақстанда авторлық құқықтарды тіркеу
1) Автор – шығармашылық еңбегімен ғылым, әдебиет, өнер туындысын жасаған жеке тұлға;
2) Авторлық құқық – автордың жеке мүліктік емес және мүліктік құқықтары;
3) авторлық құқықты және сабақтас құқықтарды қорғаудың техникалық құралы – туындыларға немесе сабақтас құқықтар объектілеріне қол жеткізуді бақылайтын, автор, сабақтас құқықтар иесі немесе өзге де айрықша құқықтар иесі туындыларға немесе сабақтас құқықтар объектілеріне қатысты рұқсат етпеген іс-әрекеттерді жүзеге асыруды болғызбайтын не шектейтін техникалық (бағдарламалық-техникалық) құрылғы немесе оның компоненттері.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы авторлық құқық деп автордың – шығармашылық еңбегімен зияткерлік меншік объектісі болып табылатын, олардың мақсатына, мазмұны мен қадір-қасиетіне, сондай-ақ оларды білдіру тәсілі мен нысанына қарамастан қандай да бір ғылым, әдебиет немесе өнер туындысын жасаған жеке тұлғаның мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтарын түсінеді.
Қазақстан Республикасындағы авторлық құқық ҚР Конституциясымен, ҚР АК-нің 971–984-баптарымен, 1996 жылғы 10 маусымдағы № 6-1 «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен (бұдан әрі-Авторлық құқық туралы заң), 1942 жылғы 6 қыркүйектегі Дүниежүзілік (Женева) авторлық құқық туралы конвенцияның нормаларымен (Қазақстан оны 1992 жылы бұрынғы КСРО-ның халықаралық міндеттемелері мен шарттарының құқықтық мирасқорлығы тәртібімен таныды), сондай-ақ 1996 жылғы 20 желтоқсандағы Авторлық құқық және орындаулар мен фонограммалар жөніндегі Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының Женева шарттарының (Қазақстан оларға 2004 жылғы 16 сәуірдегі № 545 және № 546 заңдармен қосылды) ережелерімен және ҚР басқа да бірқатар нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі.
ҚР Авторлық құқық саласындағы заңнама негізгі мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуге бағытталған, біріншіден, авторлық құқық ғылым, әдебиет және өнер туындыларын жасау жөніндегі қызметті ынталандыруы тиіс. Осы мақсатта авторлық құқық шығармашылық еңбегімен айналысу үшін жағдай жасауға ықпал етеді, қол жеткізілген шығармашылық нәтижелерді құқықтық мойындауды және қорғауды, авторларға өздері жасаған туындыларды пайдалану және табыс алу құқықтарын бекітуді қамтамасыз етеді. Екіншіден, авторлық құқық туындыларды қоғам мүддесі үшін кеңінен пайдалануға жағдай жасайды. Басқаша айтқанда, авторлық құқықты қорғауды күшейту және оны бұзғаны үшін жазалауды күшейту адамның күнделікті өмірінде авторлық құқық объектілерін пайдалануға кедергі келтірмеуі тиіс.
ҚР АК 963-бабының 3-тармағында Интеллектуалдық шығармашылық қызмет нәтижесiнiң авторы болып танылу құқығы (авторлық құқық) жеке мүлiктiк емес құқық болып табылады және оған шығармашылық еңбегiмен интеллектуалдық шығармашылық қызметтiң нәтижесiн жасаған адам ғана ие бола алады деп белгіленген. Авторлық құқық идеяларға, тұжырымдамаларға, принциптерге, әдістерге, жүйелерге, процестерге, ашулар мен фактілерге қолданылмайды. Егер нәтиже екi немесе одан да көп адамның бiрлескен авторлығымен жасалса, олар тең авторлар болып танылады және бірдей авторлық құқықтарға ие. Тең авторлардың әрқайсысы, егер олардың арасындағы келісімде өзгеше көзделмесе, өзі құрған туындының өз қалауы бойынша дербес маңызы бар бөлігін пайдалануға құқылы. Туындыны жалпы пайдалану құқығы бірлесіп авторларға тиесілі. Авторлық құқық заңды тұлғалар атына танылмайды, олар туындыны және (немесе) сабақтас құқықтар объектісін автормен жасалған шарт бойынша немесе заңдарда көзделген өзге де негіз бойынша пайдалану құқығын алған құқық иелері ғана бола алады.
ҚР АК 972-бабына және Авторлық құқық туралы заңның 7-бабына сәйкес авторлық құқық объектiлерi мыналар болып табылады:
- әдеби туындылар;
- драмалық және музыкалық-драмалық туындылар;
- сценарийлiк туындылар;
- хореография және пантомима туындылары;
- мәтiндi немесе мәтiнсiз музыкалық туындылар;
- аудио-бейне туындылар, радио туындылар;
- кескiндеме, мүсiн, графика туындылары мен басқа да бейнелеу өнерiнiң туындылары;
- қолданбалы өнер туындылары;
- сәулет, қала құрылысы, дизайн және бау-саябақ өнерi туындылары;
- фотосурет туындылары және фотосуретке ұқсас әдiстермен алынған туындылар;
- географияға, топографияға және басқа ғылымдарға қатысты карталар, жоспарлар, эскиздер, безендiрмелер мен үш өлшемдi туындылар;
- ЭЕМ-ге арналған бағдарламалар;
- өзге де туындылар.
Авторлық құқық объектiлерiне мыналар да жатады:
- туынды шығармалар (аудармалар, өңделген дүниелер, аннотациялар, рефераттар, түйiндер, шолулар, инсценировкалар, музыкалық өңдеулер және басқа да ғылым, әдебиет пен өнер шығармаларын өңдеулер);
- жинақтар (энциклопедиялар, антологиялар, деректер базалары) және материалдарының iрiктелуi және (немесе) орналасуы жағынан шығармашылық еңбектiң нәтижесi болып табылатын басқа да құрама туындылар.
Өйткені, авторлық құқық объектілерінің авторлары олардың өмір бойы және өлгеннен кейін елу жыл бойы әрекет ететін өте маңызды мүліктік (айрықша) және жеке мүліктік емес құқықтарға ие. Лақап атпен немесе жасырын түрде алғаш рет жарыққа шығарылған туындыға авторлық құқық туындының жарыққа шығарылған жылдан кейінгі жылдың бірінші қаңтарынан бастап санағанда елу жыл бойы қолданылады. Туындыға авторлық құқықтың қолданылу мерзімі өткеннен кейін ол қоғамдық игілікке айналады. Қоғамдық игілік болып табылатын туындыларды кез келген тұлға авторлық сыйақы төлемей еркін пайдалана алады. Бұл ретте авторлық құқық, авторлық атқа құқық және туындыға қол сұғылмаушылық құқығы сақталуы тиіс, өйткені бұл құқықтар ҚР АК 982-бабының 6-тармағына сәйкес мерзімсіз қорғалады.