Авторлық құқық және оны қорғау
Ғылым, әдебиет және өнер туындысына авторлық құқық оның жасалу фактiсiне қарай туындайды. Авторлық құқықтың пайда болуы мен жүзеге асырылуы үшiн туындыны тiркеу, туындыны өзге де арнайы ресiмдеу немесе қандай да болсын шарттылықты сақтау талап етiлмейдi.
Сақтандырушы таңбалау
Өздерiнiң айрықша мүлiктiк құқықтары туралы хабарлау үшiн автор және (немесе) құқық иеленушi авторлық құқықты қорғау белгiсiн пайдалануға құқылы, ол белгi туындының әр данасына қойылады және мiндеттi түрде мынадай үш элементтен тұрады: 1) қоршауға алынған латынша «С» әрпi; 2) айрықша авторлық құқықтар иесiнiң есiмi (атауы); 3) туындының алғаш жарияланған жылы. |
Автор жарияланбаған туындыға жеке мүлiктiк емес құқықтарын куәландыру үшiн, сондай-ақ құқықты иеленуші туындыға айрықша мүліктік құқықтарды иеленуді растау үшін авторлық құқықтың қорғалатын немесе тиісті құжаттардың қолданылуы мерзiмi iшiнде кез келген уақытта оларды ресми тізiлiмдерде тіркеуге құқылы.
Авторлық құқық объектілерін тіркеу
Авторлық құқық жария болған да (жарияланған, жарыққа шыққан, баспадан шыққан, көпшiлiк алдында орындалған, көпшiлiк алдында көрсетiлген), сондай-ақ белгiлi бiр объективтi түрге ие болған өзге де нысанда жарияланбаған да туындыларға қолданылады.
Автордың туындыны пайдалануға айрықша құқықтары төмендегi әрекеттердi жүзеге асыру, рұқсат ету немесе жүзеге асыруға тыйым салу құқығын бiлдiредi:
1) туындыны қайта шығару (қайта шығару құқығы);
2) туындының түпнұсқасын немесе даналарын кез келген әдiспен таратуына: сатуына, айырбастауына, прокатқа (жалға) беруiне, өзге де операциялар, оның ішінде ашық телекоммуникациялар желісінде операциялар жасауына (тарату құқығы);
3) тарату мақсатында туынды даналары, соның iшiнде автордың немесе авторлық құқықтардың өзге иесiнiң рұқсатымен дайындалған даналарын импорттау (импортқа әкелу құқығы);
4) туындыны жария көрсету (жария көрсету құқығы);
5) туындыны жария орындау (жария орындау құқығы);
6) туындыны жария хабарлау (туындыны жалпы жұрттың назарына арнап хабарлау), соның iшiнде эфирде немесе кабель арқылы хабарлау (жария хабарлау құқығы);
7) жалпы жұрттың назарына арнап эфирде алғашқы және (немесе) кейiнгi хабарлауды қоса алғанда туындыны эфирде хабарлау (эфирде жариялау құқығы);
8) жалпы жұрттың назарына арнап кабель арқылы алғашқы және (немесе) кейiнгi хабарлауды қоса алғанда туындыны кабель арқылы хабарлау (кабель арқылы хабарлау құқығы);
9) туындыны аудару (аудару құқығы);
10) туындыны жалпы жұрттың назарына жеткізу (жалпы жұрттың назарына жеткізу құқығы)
11) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне қайшы келмейтiн өзге де әрекеттердi жүзеге асыру құқықтарын бiлдiредi.
Мыналар авторлық құқық объектiлерi болып табылады:
- әдеби туындылар;
- драмалық және музыкалық-драмалық туындылар;
- сценарий туындылары;
- хореография және пантомима туындылары;
- мәтiнi бар немесе мәтiнi жоқ музыкалық туындылар;
- дыбыс-бейнежазу туындылары;
- кескiндеме, мүсiндеме, графика және бейнелеу өнерiнiң басқа да туындылары;
- ) қолданбалы өнер туындылары;
- сәулет, қала құрылысы, дизайн және бау-саябақ өнерi туындылары;
- суретке түсiру туындылары және суретке түсiруге орайлас әдiстермен жасалған туындылар;
- карталар, жоспарлар, нобайлар, безендiрулер және географияға, топография мен басқа ғылымдарға қатысты үш өлшемдi туындылар;
- ЭЕМ-ге арналған бағдарламалар;
- өзге де туындылар.
ДЕРЕККӨЗ: Бизнес Рост